Абай облысында ауыл балаларының білімге деген қызығушылығын арттыру мақсатында маңызды әлеуметтік жоба іске асты. «ASSYLTAS» қоғамдық қорының бастамасымен «Артық білім кітапта» жобасы аясында өңірдегі 233 ауыл мектебіне 14 мың дана кітап таратылды.
Жобаның аясында әр мектепке 60 түрлі кітаптан құралған арнайы жинақ жеткізілді. Бұл жинаққа қазақ және әлем әдебиетіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік туындылар енгізілген. Атап айтқанда, балалардың жас ерекшеліктеріне сай таңдалған шығармалар олардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, оқу мәдениетін дамытуға бағытталған.
Құнды кітаптарға толы үлкен фура Алматыдан Аягөз қаласына жөнелтіліп, облыстың барлық аудандарына таратылды. Жергілікті білім бөлімдері, мектеп әкімшіліктері мен кітапханашылар жобаны зор қуанышпен қарсы алды. Бұл игі іс-шара – өңірдегі білім саласының дамуына қосылған үлес қана емес, сонымен қатар ауыл балаларына көрсетілген нақты қамқорлықтың көрінісі.
«ASSYLTAS» қоғамдық қорының негізін қалаушы Дулат Тастекей өзге өңірлердегі меценаттарды осы ағартушылық челленджді жалғастыруға шақырды.
– «Артық білім – кітапта» акциясы – бұл ағартушылық эстафета. Біз еліміздің басқа өңірлеріндегі меценаттар мен кәсіпкерлерге, жүрегі ел деп соққан барлық азаматтарға үндеу тастаймыз: келіңіздер, өз облыстарыңыздағы мектептерге де осындай кітап тарту дәстүрін бастайық. Себебі кітап оқитын бала – ертең елдің тірегі, ал кітапты құрметтеген халық – мәңгі жасайтын ұлт, – деді Дулат Тастекей.
«Артық білім кітапта» жобасының негізгі мақсаты – ауыл мектептеріндегі кітапханаларды сапалы, мазмұнды кітаптармен толықтыру. Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасының шектеулі екенін ескерсек, бұл бастама – оқушыларға рухани азық беретін маңызды құрал. Мектеп кітапханашыларының айтуынша, бұл жаңалықты оқушылар ерекше қуанышпен қарсы алған.
Сарапшылардың пікірінше, кітап оқу – оқушылардың сөздік қорын байытып қана қоймай, логикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға үлкен ықпал етеді. Әсіресе ауыл балаларына әдебиеттің, тіл байлығының әсері – болашақта олардың жан-жақты дамуына негіз болмақ.
Тек кітап таратумен шектелмей, жобаны жүзеге асырушылар оқу процесін қызықты әрі тиімді ету үшін арнайы байқау ұйымдастыруды да жоспарлап отыр. Жыл соңында осы кітаптар негізінде оқушылар арасында байқау өткізіліп, үздік оқырмандар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бұл тәсіл оқушылардың кітапқа деген ынтасын арттырып, оқу жылын қорытындылауда ерекше серпін береді.
«Артық білім – кітапта» жобасы ASSYLTAS қорының миссиясына толық сәйкес келеді. Қордың басты мақсаты – еліміздің ауылдық аймақтарындағы әрбір балаға білім алуда, рухани және зияткерлік тұрғыдан тең мүмкіндік жасау.
Жоба ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда.