«Assyltas» қоғамдық қоры мен «Ұшқан ұя» түлектер қауымдастығының бастамасымен Абай ұлттық мектебіне 300 кітап табысталды.
Абай ұлттық мектебі — еліміздегі тұңғыш ұлттық мектеп. Мектептің басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, отаншыл рухта тәрбие беру. Осы орайда мектеп кітапханасының қорын толықтыру — басты назардағы мәселе.
Аталған жоба аясында Фолиант баспасы 100, Мазмұндама баспасы 100 кітап сыйға тартты. Қос баспа да қазақ руханиятының дамуына үлес қосып, ел игілігі жолында ірі істер атқарып келе жатқан абыройлы баспа. Сонымен қатар мектеп кітапханасына 100 жеке автордан жинақталған 100 кітап тарту етілді. Кітаптар тізімінде Сәуле Досжан, Әмірхан Меңдеке, Жүсіпбек Қорғасбек, Ақберен Елгезек, Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәлік сынды белгілі қаламгерлердің еңбектері бар.
Бұл игілікті бастама мектеп кітапханасын байытып қана қоймай, болашақ қазақ руханиятының тірегі болар тұлғаларды тәрбиелеуге елеулі үлес деп білеміз. Ұлттық мектептің ұландарына білім жолында табандылық, үздіксіз ізденіс пен зор жетістік тілейміз!






