12 желтоқсан күні Алматы қаласы Абай ұлттық мектебінің шаңырағында жас айтыскер ақындардың дәстүрлі республикалық додасы өтті. Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған жыр сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен 9 облыс, 2 ірі қала және республикалық ұйымдардан іріктелген 14 жас жүйрік қатысты.
Республикалық оқушылар айтысы «Assyltas» қоғамдық қоры мен «Ұшқан ұя» түлектер бірлестігінің демеушілігімен жүзеге асты. Айтыс екі кезеңнен тұрып, жас дарындардың суырыпсалмалық өнерін, ұлттық құндылықтарды жырлаудағы шеберлігін паш етті. Қатысушылар Абай Құнанбайұлының мұрасын арқау етіп, ғылым-білім, адамгершілік және патриоттық тақырыптарды сөз қағыстыру арқылы жеткізді.
Сөз додасын бағалаған қазылар алқасы құрамында айтыскер ақындар Балғынбек Имашев, Болатбек Оразбаев, Айтбек Тұрсынбай, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Жеткергенқызы және дәстүрлі әнші Уатқан Шаттық болды.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Алматы қаласының оқушысы Бектенов Хангелді иеленді. ІІ орын Ахмет Болатқа (Абай ұлттық мектебі), ал ІІІ орынды Інжу Жаңабай (Жамбыл облысы) мен Жұмахан Абдуқадыр өзара бөлісті. Сонымен қатар, арнайы жүлделерге Баян Бекзат (БҚО), Манарбек Шұғыла (Қарағанды), Рауанұлы Батыр (Алматы облысы) және Сеиткарим Дамир (Абай ұлттық мектебі) лайық деп танылды.
Жас ақындар айтыс барысында тапқырлық, тіл тазалығы мен ой жүйріктігін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Айтыс – қазақ халқының рухани мұрасын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін бірегей өнер. «Assyltas» қоғамдық қоры мен «Ұшқан ұя» түлектер бірлестігінің демеушілігімен жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық оқушылар айтысы жас дарындардың талабын ұштап, ұлттық сөз өнерінің сабақтастығын нығайтуда.
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жас таланттарға зор жетістік тілейміз!


