Жетісулық ақындар TAS Group компаниясы және ASSYLTAS қоғамдық қоры демеушілік еткен ASSYL DOMBYRA тележобасында жеңіске жетіп, асыл тастармен көмкерілген домбыраны Талдықорғандағы жергілікті тарихи-өлкетану музейіне табыстады. М.Тынышбаев атындағы мұражайда қойылған домбыра енді ұлттың рухани байлығының символы ретінде музей экспозициясының бір бөлігі болмақ.
ASSYL DOMBYRA тележобасының үшінші маусымы 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында «Хабар» арнасында көрсетіліп, сапында Дидар Өмірәлі, Мирас Шалжанов және Аят Жәнібек бар Жетісу командасы финалда Түркістан құрамасын жеңіп, жеңімпаз атанды.
– ASSYL DOMBYRA айтыс жеңімпаздарына берілетін, асыл тастармен сәнделген қазақтың қара домбырасы. Бұл жоба 3-ші жыл қатарынан өтіп келетіндіктен, жеңімпаз топ домбыраны міндетті түрде өз облысының мұражайында сақтауы тиіс. Мұражайға қоюымыздың тағы бір себебі, айтыстың облыстағы деңгейін анықтау үшін және болашақ жас ұрпаққа қазақтың төл өнері айтысты ұлықтау мақсатында әрбір өлкедегі, әр облыстағы айтыс өнерінің өркендеуіне, жас ұрпақтың қызығушылығын оятуға үлкен септігін тигізетін жоба өз жалғасын таба берсе, – дейді Дидар Өмірәлі.
ASSYL DOMBYRA табыстау салтанатына тележоба продюсері Рауан Оқас та қатысып, жылы лебізін білдірді. «Асылтас» қоғамдық қорымен бірлесе отырып мұражайға М. Тынышбаев туралы 50 дана кітапты сыйға тартатынын айтты.
Сондай-ақ, шарада Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.
– Атадан балаға мұра болып келетін осы ұлттық өнерімізді дәріптеу, оны насихаттау қай-қайсымыздың болса да мойнымызға артылған жүк деп түсінемін. Төл өнерімізді кейінгі ұрпаққа насихаттауда «Асылтас» қоғамдық қоры үлкен еңбек атқаруда. Тек қана айтыс өнерінде ғана емес, ұлттық салт-дәстүрімізді дамытуда да қордың қосқан үлесі зор. Жетісу облысынан шыққан үш ақынымыз 16 облыстың арасында оза шауып, бәйге алғаны біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Қуаныш Сұлтанұлы.
Айта кетейік, ASSYL DOMBYRA тележобасына барлық өңірден 16 команда қатысты. Жобада от ауызды, орақ тілді суырыпсалма 48 ақын сөз жарысын қыздырды. Байқау финалында Түркістан облысынан басым түсіп, Жетісу командасы ASSYL DOMBYRA мен 6 млн. теңгенің жүлдесін қанжығаларына байлады.
Бұл байқау елімізде үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Бұған дейін аталған тележобада Жамбыл облысы мен БҚО құрамалары топ жарды.
«Асыл домбыра» жобасы – айтыс өнері мен қазақ халқының рухани құндылығы және мәдени мұрасының символына айналған домбыраны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Жоба аясында талантты ақындар мен өнерпаздар баға жетпес дәстүрлерді дәріптеп, оларды жаңа деңгейге көтерді.