ASSYLTAS қоғамдық қорының негізгі міндеттерінің бірі – сайдың серке тасындай қатар тізілген өнерлі азаматтардың еңсесін көтеру, қолғабыс қылу, жағдай жасау. Сондықтан 2024 жылдың соңында дәстүр бойынша ASSYLTAS қоғамдық қорының қазақ зиялыларының басын қосқан қорытынды кеші өтті.
Атының өзі айтып тұрғандай жыл бойы атқарған жұмыстарға есеп берілді. Мәселен, қор 2024 жылы қазақ күресінен ASSYL ARLAN-2024 республикалық турнирін, ASSYLTAS BUSINESS HELP жобасын, «Асыл бесік- Ақсуат» фестивалін, «Асыл домбыра» тележобасының үшінші маусымын ұйымдастырып, V республикалық «100 өлең» байқауының жеңімпаздарын анықтады.
Одан бөлек, Абай облысында «Асыл бесік — Ақсуат» атты спорт және өнер фестивалін, Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты түлектері арасында шағын футболдан IХ дәстүрлі «Дарын кубогын» өткізді, «Qazaqsha терапия» жобасының Оңтүстікке турын ұйымдастырып, Қостанай облысының аудандарына ASSYLTAS қоғамдық қорының атынан гуманитарлық көмек жіберілді. Әрине, айтылмағандары қаншама?!
Осындай ауқымды шараларды атқарып отырғаннан кейін халықтың алдына шығып, есеп бермеске болмас, сірә?! Бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек еді… Себебі кешке келген қонақтар дәстүрлі ән, би, театрландырылған қойылымдармен сусындап, рухани байып қайтты, саф өнердің саңылақтарымен көзайым болып, сағасында жүзді.
Құдды бір жыл бойы қажырлы еңбек етіп, жаңа жыл таяғанда кеуделеріне сәуле түсіргісі келгендей қонақтардың бойынан ерекше бір тыныштық лебі есті. Кешке келген қонақтардың ішінде Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов жұбайымен, «Қазақстан барысы» Ерасыл Қажыбаев, Қоғам қайраткері Амалбек Тшан, ақын Ақберен Елгезек, жазушы Қанат Тілеухан, журналист Қанат Әуесбай сынды белгілі адамдар болды.
Бұл шарада жыл бойы атқарған жұмыстарға көптің алдында есеп беріліп қана қоймай, әр саланың оза шапқан майталмандары ASSYLTAS стипендиясымен марапатталды. ASSYLTAS стипендиясы – екінің бірінің басына қонбасы анық. Себебі бұл стипендия – өз саласында өлшеусіз еңбек етіп, бағы мен бабы қатар шауып, тынбай тырысып жүргендерге арналған жүлде еді.
Айта кетейік, стипендияның көлемі – 1 500 000 теңге. Әдеттегідей әдебиет, ғылым, журналистика, спорт аталымдары бойынша берілді.
Әдебиет аталымы бойынша «Assyltas» стипендиясының иегері 2024 жылы жарық көрген «Ағыраптағы аты жоқ адам» кітабының авторы Қанат Әбілқайыр болса, Ғылым аталымы бойынша Нұрхат Жақиев, Журналистика аталымы бойынша «Assyltas» стипендиясының иегері «Egemen Qazaqstan» газетінің журналисі Маржан Әбіш алды. Спорт аталымы бойынша «Assyltas» стипендиясына Демеу Жадыраев лайық деп танылды. Ал Абиба Әбужақыноваға ешқандай додаға түспей, дауыс жинамай-ақ жүлде тағайындалатынын ASSYLTAS басшылығы әу бастан тілге тиек еткен еді. Басшылық сөзінде тұрып, Әбиба қыздың маңдайы тағы бір жарқырады.
ASSYLTAS қоғамдық қоры әр жыл сайын жылды табысты аяқтап, қорытынды кештерді жемісті өткізе берсін деген тілектестік білдіреміз!