V республикалық «100 өлең» байқауының 2024 жылғы жеңімпаздары анықталды
Алматыда ASSYLTAS қоғамдық қорының ұйымдастыруыменен V республикалық «100 өлең» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Осымен бесінші жыл қатарынан ASSYLTAS қоғамдық қоры поэзия сүйер қауым арасында «100 өлең» атты сайысты өткізді. Биыл бұл сайыс 5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және халықаралық тілдер мекесіне орай ұйымдастырылды. Жобаның аты айтып тұрғандай, сайыстың басты талабы 100 ақынның 100 өлеңін 100 күн ішінде жаттау қажет.
Сайысқа қатысушылар арғысы Бұқар, Қазтуған жыраулар, Махамбет, Абай, Мағжан, Мұқағали ақындардан бастап, бүгінгінің үздіктері Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман, Бауыржан Жақып, Ғалым Жайлыбай, Серік Қалиев, Ақберен Елгезек, Бақыт Беделхан, Ерлан Жүніс сынды поэзия майталмандарының да өлеңдерін жаттады. 100 өлеңді ASSYLTAS қоры жинақтап, 1 сәуір мен 10 шілде аралығында қатысушыларға жариялады. Сайысқа әу баста 700-ден аса қатысушы өтініш білдіріп, онлайн форматта өткен іріктеу кезеңінен сайдың тасындай іріктелген 20 қатысушы финалдық кезеңде бақ сынауға мүмкіндік алды.
Финалдық сайыстың алғашқы кезеңінде әр қатысушы сандықшада жасырылған кез келген бес өлеңді таңдап, сол жерде оқыды. Басты шарт – көркем мәнерге салып, мүдірмей оқып шығу.
Екінші кезеңде қазылар алқасы жинаққа енгізілген 100 өлеңнің кез-келген жерінен сұрау арқылы қатысушыларды сынады.
Үшінші шаппа-шап кезеңде іріктеліп финалға өткен қатысушылар жұптасып, 5 минут ішінде баттл арқылы бір-біріне өлең үзінділерін жасырды. Қарсыласын берілген уақыт ішінде көп сүріндірген қатысушыға ұпай жазылды.
Байқауға әділ қазылық еткен белгілі ақындар – Бақыт Беделхан, Мақпал Мыса, Мерей Қарт және Эльмира Сайлауқызы.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша, Шымкеттен келген 33 жастағы Еркебұлан Кенехан жеңімпаз атанды. Бас жүлде иегеріне автокөлік сыйға берілді. Екінші орын иегері жетісулық Аяулым Тастыбай атанып, iPhone ұялы телефонын иеленсе, үшінші орынды Алматы қаласынан қатысқан 10-сынып оқушысы – Кәусар Жаныбекқызы — iPad планшетін сыйға алды. Одан бөлек қатысушылар да ақшалай сыйақы иеленді. Байқаудың ең жас финалисті – Астана қаласынан келген 8 жасар Дінмұхамед Зейнепке арнайы Жамбыл Жабаевтің 30 томдық кітабы тарту етілді.
«Бұл тізімдегі ақындар – бәрімізге таныс қазақ поэзиясының көрнекі өкілдері немесе қазіргі әдебиеттегі тегеурінді жас буын өкілдері. Өлеңдер хронологиялық тізбек бойынша жинақталды. Азаматтық лирика, махаббат лирикасы, табиғат лирикасын түгел қамтуға тырыстық. Жүз өлең — қара сөздің қадірін түсінер көзі қарақты оқырман үшін жинақталған таңдаулы топтама», — дейді жоба ұйымдастырушылары.