ASSYLTAS қоғамдық қоры ұйымдастыратын VI республикалық «100 ӨЛЕҢ» байқауына биыл рекордтық көрсеткішпен 3 мыңнан астам адам тіркелді. Бұл жобаға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын және қазақ поэзиясына деген құрметтің жоғары екенін көрсетеді.
Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «100 ӨЛЕҢ» байқауы ASSYLTAS қорының ең ауқымды ағартушылық жобаларының біріне айналды. Байқаудың басты мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, көркемсөз оқу мәдениетін дамыту және жастардың рухани дүниесін байыту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы қатысушылардың географиясы кеңейіп, елдің барлық өңірінен жыр сүйер қауым өтінім жолдаған.
«Биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан астам жыр сүйер қатысушы тіркелді. Бұл — қазақ поэзиясына деген ықыластың, өлеңге деген құрметтің айқын көрінісі. Алда қатысушыларды 100 күндік үлкен рухани сапар күтіп тұр. Өлең жаттау арқылы тіл байлығы артып, есте сақтау қабілеті дамып қана қоймай, қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілік тереңдей түседі. Жырмен сусындап, бақ сынап, автокөлік жеңіп алуға мүмкіндік бар. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз!» – дейді ASSYLTAS қорының өкілдері.
Байқау шарты бойынша қатысушылар 100 күн ішінде қазақтың 100 ақынының 100 өлеңін жаттап, бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді. Ал үздіктер тамыз айында өтетін республикалық финалда бақ сынайды.
ASSYLTAS қоры жүзеге асырып келе жатқан жоба тек жарыс қана емес, ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени бастама саналады. Соңғы жылдары «100 ӨЛЕҢ» байқауы мыңдаған жасқа қазақ поэзиясын жақындатып, өлеңсүйер қауымның басын қосқан ерекше рухани алаңға айналды.
Биылғы финал да тартысты өтіп, үздіктер бағалы сыйлықтар мен дәстүрлі бас жүлде – автокөлік үшін бақ сынамақ. Тамыз айында өтетін шешуші кезеңде еліміздің ең үздік көркемсөз оқырмандары анықталады.


