ASSYLTAS қоғамдық қоры елімізде кітап оқу мәдениетін кеңейтуді мақсат еткен ірі бастамалардың бірін жүзеге асырып келеді. Қор қолдау көрсеткен «Артық білім – кітапта» жобасы өз нәтижесін бере бастады: ең белсенді оқырмандар Абай облысынан анықталды.
Бұл өңірде мектеп оқушылары кітапқа ерекше қызығушылық танытып, оқуға бұрынғыдан да зор ынта білдіруде. Мұндай оң өзгерістер жобаның аясында атқарылған нақты жұмыстардың арқасында мүмкін болды. ASSYLTAS қоры биыл Абай облысындағы барлық 233 мектепке жүк көлігімен 14 000-ға жуық кітап жеткізді.
Жоба тек кітап сыйлаумен шектелмейді. Қор оқушыларды жүйелі түрде оқуға ынталандыру үшін арнайы кітап оқу білім сайысын ұйымдастырып отыр. Бұл сайыста оқырмандар ұсынылған кітаптардың мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді. Ең жоғары нәтижеге қол жеткізген команда бас жүлдені иеленеді. Жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайды. Командалар құрамына оқушылармен бірге кітапханашылар, ұстаздар және ата-аналар да кіреді — бұл да жобаның маңызды ерекшелігі.
ASSYLTAS қорының өкілдері жобаның басты мақсаты – еліміздің әр жастағы азаматтарының оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ цифрлық құрылғыларға тәуелділікті азайтып, жастардың назарын кітапқа бұру екенін атап өтеді. Кітап оқу — ойлау қабілетін дамытатын, сапалы білімге жол ашатын маңызды құндылық.
Жоба QAZAQ TILI халықаралық қоғамымен бірлесіп жүзеге асырылуда. ASSYLTAS қоры бастаманы алдағы уақытта Қазақстанның басқа да өңірлерінде кеңейтуді жоспарлап отыр. Қор сондай-ақ өңір кәсіпкерлерін осы игі істі қолдауға шақырады.


