Оралдағы ASSYL DOMBYRA айтысы
ASSYLTAS қорының демеушілігімен, Қадыр-Мырза-Әли орталығының және Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және ақын Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған ASSYL DOMBYRA ақындар айтысының үшінші іріктеу кезеңі Орал қаласында өтті. Бұл жолы 14 ақын сынға түсіп, қазылар алқасының шешімімен, 10 ақын келесі кезеңге жолдама алды. Олар: Бауыржан Ширмединұлы, Абзал Мақаш, Нұрзат Қару, Еркебұлан Қайназаров, Қанат Мырзахан, Ершат Қайболдин, Айтбай Жұмағұлов, Ринат Заитов, Серік Қуанған, Тілеген Әділов. Бірінен бірі озған жүйріктерді таңдап алу оңайға түспеді. Оралда өткен айтыс барысында, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» филиалының төрағасы Айдар Батырханов ұлт мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосқаны үшін кәсіподақ атынан айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманды төсбелгімен марапаттады. Сондай-ақ, «Еңбек даңқы» ордені Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкеновке және айтыс жанашыры, өнердің қолдаушысы, белгілі кәсіпкер Дулат Тастекейге табысталды.
Барлық қатысқан ақындарға ASSYLTAS қорының арнайы алғыс хаты мен ақшалай сыйлық және де «Асыл домбыра» мүсіні табысталды. Көрермендер айтысты ASSYLTAS TV youtube арнасынан тамашалады.