«Тарихқа толы Тарбағатай» альманахы бесінші томының тұсаукесері өтті
Алматыда «Тарихқа толы Тарбағатай» альманахы бесінші томының тұсауын кесілді. Ұлттық кітапханада өткен жиынға альманахқа қатысы бар авторлар, зиялы қауым өкілдері жиналды.
2016-2020 жылдар аралығында Тарбағатай өлкесінің энциклопедиясына айналған жинақта Тарбағатай аймағының тарихына, кешегісі мен бүгініне қатысты барлық жайттар жайында, ғылыми еңбектер, мақалалар мен өлең-жырлар топтастырылады.
Жаңа бесінші томға 29 автор мақала берген. Олардың арасында Тұрсын Жұртбай, Мұхтарбек Кәрімов, Азамат Қасым тб. есімдері белгілі азаматтар бар.
ASSYLTAS қорының бастамасымен түсірілген деректі фильмдер де көпшіліктің назарына ұсынылды. «Тұғыры биік Тарбағатай» деректі фильмін альманахтың кішігірім видео нұсқасы деп айтуға болады. Жаз айларында түсірілім тобы Тарбағатай өңіріне барып, әзірлеп қайтқан. Екінші фильм «Тау ұлы» деп аталады. Бұл туынды Дулат Тастекеев жайында. Мотивациялық бағытта түсірілген.
Шара барысында ASSYLTAS қорының құрылтайшысы «Тарбағатай тарланы» төсбелгілерін үлестірді. Қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлестері үшін Жазушылар Одағы төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақберен Елгезек пен Мерей Қарт, сондай-ақ, археология ғылымына қосқан еңбегі үшін Ерден Оралбай да аталған төсбелгінің иесі атанды.