Семей қаласында мешіт ашылды
ASSYLTAS қорының қолдауымен салынған Семей қаласындағы мешіт 2021 жылдың 22 наурызында салтанатты түрде ашылды. Қала халқының 15 жылдан бері күткен арманы орындалды.
Осыншама жылдар араға салып, құрылысы жүрмей қалған ғимараттың жауапкершілігін TAS Group копаниясының құрылтайшысы Дулат Тастекеев басшылыққа алған болатын. Уәде бергендей пандемияға қарамастан екі жылда толық құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Алланың үйінің құрылысына қолдау көрсетіп, қолғабыс жасаған азаматтардың саны шамамен 300-ге жуықтайды. Сондай-ақ, мешітке ұлы тұлға Абай Құнанбайұлының есімі берілді. 22 наурыз күні Семей халқын қуанышқа бөлеген бұл ұлы мешітке жан-жақтан қадірлі қонақтар келіп, ашылу салтанатына қатысты. Құрылыс жұмысын AHTAS Construction компаниясы жүргізді. 3 мың адамға арналған үлкен ғимараттың ішінде халыққа қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Діни жоралғыларды өткізуге арналған кең бөлмелер, қатымхана, 500 көлік сиятын автотұрақ, жаяуларға арналған бірнеше көпір жоспардағыдай салынып бітті. Алаштың астанасы болған тарихи қалада бой көтерген мешіт көпшілікке қызмет етуі ұлыстың ұлы күнінде бұйырыпты. Алланың сауабына бөлейтін игі істер көп болғай!