2021 жылғы ASSYLTAS стипендианттары анықталды. Бір ай бұрын ASSYLTAS қоғамдық қоры өзінің ресми сайтында 4 номинацияда үміткелерге дауыс беру басталғанын хабарлаған.

100 мыңнан астам адам  дауысын өзі таңдаған кандидатқа бергеннен соң, бірінші кезеңде ең көп дауыс жинаған алты үміткердің үшеуі екінші кезеңге өтіп,  ары қарай 20 сарапшының берген ұпайларының нәтижесінде жеңімпаздар белгілі болды.

Журналистикада КТК арнасының тележүргізушісі Асыл Махметовтың бағы жанды,  әдебиетте ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Олжас Қасым оза шапты. Ғылым саласында техника ғылымдарының кандидаты Рүстем Манатбаев үздік шықса,  спорт аталымында Токио олимпиадасында өнер көрсететін боксшы Абылайхан Жүсіповтың мерейі үстем болды.  Сондай-ақ екінші кезеңде Абылаймен бірдей ұпай жинаған дзюдошы,  Азия чемпионатының күміс жүлдегері Елдос Жұмахановқа да 1 млн теңгенің сертификаты тапсырылды.  Журналистика саласына қосып жүрген үлесі үшін «Шалқар» радиосының редакторы Гүлмира Нәлібай ханым мен білім саласына қосып жатқан үлесі үшін Роза Ербозымқызы ASSYLTAS төсбелгілерінің иесі атанды.