ASSYLTAS қоры Қостанай облысына гуманитарлық көмек жіберді
Су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысының аудандарына ASSYLTAS қоғамдық қорының атынан гуманитарлық көмек жіберілді. Арқалыққа аттанған жүк көлігінде қажетті азық-түлік, жеміс-жидек, киім-кешек бар.
4 сәуір күні таңертең Астанадан Арқалыққа бірінші қажеттілік өнімдері мен гигиена құралдары бар жүк көлігі шықты. Қаражат қоғамдық қордың жеке резервтерінен бөлінген.
«Қазіргі таңда еліміздің кейбір өңірлері табиғи құбылыспен арпалысуда. Өкінішке қарай, халқымыз баспанасынан, малынан айырылып жатыр. Осы тарапта ASSYLTAS қоғамдық қоры мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында гуманитарлық көмек дайындап, Торғай өңіріне жөнелтті. Біз сіздермен біргеміз, әлі талай жақсы күндерде кездесеміз деп үміттенемін, — деді ASSYLTAS қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекей.
Айта кетейік, Қостанай облысында су тасқыны 25 наурызда басталды. Қазіргі таңда өңірде 1284 адам құтқарылып, қауіпсіз аймаққа көшірілді. Жағдай өңірде әлі де тұрақсыз.