ASSYLTAS қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған республикалық III «100 өлең» көркемсөз оқу байқауы өз мәресіне жетті.

Биылғы «100 өлең» байқауына қатысуға еліміздің әр өңірінен 300-ден астам адам өтініш білдірді. Олардың ішінен ақтық мәреге 22 қатысушы іріктеліп алынды. Байқау 7 қазан күні  Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтті. Сайыстың алғашқы кезеңінде әр қатысушы экранда көрсетілген ұяшықтардың бірін таңдап, сол жерде жасырылған өлеңді оқыды. Басты шарт –  мүдірмеу. Бұл кезеңнен 11 қатысушы сүрінбей өтті. Екінші кезеңде әділ-қазылар алқасы жинаққа енгізілген 100 өлеңнің кез-келген жерінен сұрау арқылы қатысушыларды сынап көрді. Қазылар алқасының құрамында 5 адам болды. Алғашқы үш қазы қатысушыларға өлең жасырса, қалған екі қазы өздері жыр жолдарын оқып, сайыскерден өлең авторын сұрады.3 өлеңнің бірін білмей қалған немесе өлең авторын таба алмаған қатысушылар сайысты сол жерден аяқтады.

Үшінші шаппа-шап кезеңіне алты қатысушы жолдама алды. Жеребе бойынша Гүлерке Сатыбалды мен Жұлдызай Маратбекова, Тілеужан Қамыспай мен Бүрлен Серікбол, Алуа Асқар мен  Назым Өміржанқызы жұптасты. Олар 100 өлеңнің кез келген  жерінен сұрау арқылы бір-бірін тексерді. Қатысушы бір өлеңді білмей қалып, мүдірген сәттерде қарсыласына бір ұпай жазылды. Әр жұпқа 5 минут берілді. Осы уақыт аралығында басым болғандар жеңімпаз атанды.

Айта кету керек, шаппа-шап кезеңінде өнер көрсеткен Назым Өміржанқызы «100 өлең»  байқауының ең жас қатысушысы. Оның жасы небәрі тоғызда. Үшінші кезеңде Тілеужан Қамыспай, Жұлдызай Маратбекова, Алуа Асқар оза шапты. Сайдың тасындай іріктелген үш қатысушы ақтық мәреде бақ сынады. Көрермендер байқау барысын «Асылтас» тв ютуб арнасы арқылы да тамашалап, қатысушыларға барынша қолдау білдірді. Ақтық сында Тілеужан Қамыспай қарсыластарына есе жіберсе, Жұлдызай Маратбекова мен Алуа Асқар өзара кіл мықтыны анықтай алмады. Сайыстың шарты бойынша мұндай жағдайда қазылар қатысушының дауыс ырғағына, мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына мән беріп, ортақ бір шешім шығарады.

Ашық дауыс беру нәтижесінде Алуа Асқар 2022 жылы өткізілген «100 өлең»  республикалық көркемсөз оқу байқауының  жеңімпазы атанып, ASSYLTAS қоғамдық қоры тағайындаған бас жүлде Chevrolet автокөлігін иеленді.

Екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Республикалық «100 өлең» көркемсөз оқу сайысының финалдық кезеңіне жолдама алған барлық қатысушыға ұйымдастыру алқасы алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.

Көрермен Алматының аспанынан өлең жауған бұл күні жақұт жырларға сусындап қайтты. Қазақ руханиятының тірегі болған, сөз өнерінің алтын тәжіне баланған поэзияның өрісі биіктей берсін!