ASSYLTAS қоғамдық қоры жыл сайын әдебиет, спорт, журналистика және ғылым саласы бойынша cтипендиялар тағайындайды.

Спорт аталымы бойынша 2023 жылғы үміткерлер белгілі. Биыл міне төртінші рет жыл үздігін анықтаймыз. Бұған дейін спортта Батыр Жүкембаев, Абылайхан Жүсіпов, Елдос Сметов сияқты мақтаныштарымыз жеңімпаз атанған. Бұл жолы біз 6 номинантты таңдап алдық.

Елена Рыбакинаны Уимблдондағы жеңісі үшін, Алуа Балқыбекованы биылғы әлем чемпионатындағы күмісі мен Азия чемпионы атанғанын ескердік, Азамат Дәулетбеков, Жамиля Бақбергеновалар да екі үлкен жарыста олжалы болды. Алғашқы үлкен жарысында жас дарын Санжар Тәшкенбай да биыл ел намысын абыроймен қорғады. Грэпплингтен әлем чемпионы Әйгерім Әбілқадырова биыл көпшілікті таңқалдырып, дзюдодан ел чемпионатында топ жарды.

30 қараша assyltas.kz сайтында дауыс беру басталады. Бірінші кезең 13 желтоқсанға дейін жалғасады.