Ақсуаттағы аламан: 135 шақырымдық бәйгеде маңғыстаулық «Көкжебе» топ жарды
Абай облысының Ақсуат ауданында өтіп жатқан «Алтын бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі аясында дүйім жұрт 135 шақырым қашықтыққа шапқан сәйгүліктердің шабысын тамашалады.
Бүгін Ақсуаттағы «Екпін» атшабарында 15 км және 25 км қашықтықтағы ат жарысы болды. Сонымен қатар осы думанды тойдың ең басты тартуы – 135 шақырымдық аламан. Ұзақ қашықтықтағы бәйгеге барлығы 80 ат қатысты. Жарыс жолына шыққан сексен тұлпардың ішінен оза шапқан маңғыстаулық «Көкжебе» мәреге бірінші жетті. Бабы мен бағы қатар шапқан қылқұйрықтың иесі – Ербол Ермағанбетов. Екінші болып Алматы облысының намысын қорғаған Ержан Майемеровтің «Кеңсай» атты сәйгүлігі келді. Үздік үштікті жетісулық Шамиль Қадыровтың «Қаһарман» атты жүйрігі түйіндеді.
Аламан бәйгеде топ жарған маңғыстаулық «Көкжебенің» иесі Ерболға су жаңа автокөліктің кілті табысталды.
“Асыл бесік – Ақсуат” фестивалі қарсаңында оздырылған бәйгенің нәтижесі:
- 135 км аламанда 80 тұлпардың ішінен қара үзген Маңғыстаудың “Көкжебесі”. Тұлпар иесі Ербол Ермағанбетов;
- Екінші болып мәре сызығын Алматы облысы Кеңсай ауылынан Маейемеров Ержанның «Кеңсай» атты сәйгүлігі аттады;
- Үздік үштікті Жетісу облысынан келген «Қаһарман» атты бәйге түйіндеді, иесі Шамиль Қадыров;
- 4-орын «Айкүрең», Маңғыстау облысы, ат иесі Келдібай Ибраев;
- 5-орын «Көкбайрақ» Абай облысы Таскескен ауылы, иесі Қанат Сүлейменов;
- 6-орын «Нұрқасқа» Астана қаласы, иесі Нұрлыбек Мұхамедияров;
- 7-орын «Балапан» Жетісу облысы, иесі Руслан Досанов
Естеріңізге сала кетсек, «Асыл бесік — Ақсуат» спорт және өнер фестивалі аясында қазақ күресінен «Асыл арлан» турнирі, ат бәйгесі өтті. Сондай-ақ көпшілік қауым ақындар айтысы мен «Асылтас» театрының «Тарихқа тағзым» қойылымын тамашалады. Қазақ эстрада жұлдыздарының гала-концерті болды.