Алматыда ASSYLTAS қоғамдық қорының ұйытқы болуымен  белгілі ақын, «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртайұлы туралы түсірілген деректі фильмнің тұсау кесері өтті. Туынды «Ақсуаттың ақтаңгері» деген атау алған.

Фильмде ақынның өнердегі жолы, бозбалалықпен басынан өткен жағдайлары көрініс тапқан. Деректі фильм Алматы, Қапшағай қалалары мен ақынның өзі туған ШҚО, Үштөбе ауылында түсірілген.

Айтыскер ақын деректі фильмнің тұсаукесеріне арнайы келіп, өз ризашылығын білдірді.

Фильмді түсіру үшін алыс жол жүрдік, тауға да шықтық, жаяу дала да кездік. Өзімнің көңілімнен шықты. Арасына ескі айтыстан үзінділер пайдаланғандықтан видеоның сапасы сәл-сәл нашарлау тұстары да бар. Бірақ негізгі ойы, жетістіктің артында зор еңбек тұратыны, содан кейін бір адам сүрініп кетіп қайта тұруға мүмкіндігі бар екені ашып көрсетілген. Идея авторларына, демеушілерге, ел азаматтарына алғысымды білдіремін, — деді Рүстем Қайыртайұлы.

Іс-шараға арнайы келген ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі аға буын айтыскер ақын Серік Қалиев фильм жайлы ыстық ықыласын білдірді.

— Фильмді көріп, шынымен марқайып қалдым. Рүстем тай күнінде оза шауып бәрімізді таңғалдырған. Сол кезде мақтанатынбыз. Өмір жолыңда өшпейтін, өнер жолыңды дәріптейтін таспаға басылған жақсы дүние жасалыпты. Өзіңді мойындатқан ақынсың. Қара сөздің қасиетін қашырмай, қадірін асырып жүрген жансың. Өнерден шегінген кездерің де болды. Бірақ шегіннен кейінгі екіпінің өте мықты болды. Келген кезде екпіндетіп келіп, топтың алдына бір-ақ шықтың. Тегіңде бар өнер. Әлі де бергеніңнен берерің көп деп есептейміз. Ақсуаттан шыққан Рүстем Алаштың ақтаңгеріне айналды. Болашақта да бағың мен бабың қатар шауып, халықтың ықыласына, ілтипатына бөлене бер, — деп тілегін арнады.

Тұсаукесер шарасында ASSYLTAS  қорының құрылтайшысы Дулат Тұрсынұлы Рүстем Қайыртайұлына «Тарбағатай тарланы» төсбелгісін табыстап, алдағы шығармашылық жолына табыс тіледі.

— Рүстемнің тұлғасын жасап шығу бір бағыт болса, деректі фильмнің мотивациялық рөлі бір басқа. Қысқа бір ролик түсіре салғаннан гөрі, басы бар, аяғы бар жүйелі дүние жасағанды жөн көрдік. Бұл дүние жастарды қанаттандырып, бір серпін береді деп ойлаймын. Осыны жасап шыққан азаматтарға алғысымды айтамын. Осы идея ойға келгенде заманауи тәсілмен бүгінгінің Сүйінбайларын, Жамбылдарын халықпен таныстыру жайлы ниет болған. Аз да болса сол мақсатымызға жетіп жатсақ, нұр үстіне нұр болғаны, — деді.