Алматының Rixos қонақүйінде құрылғанына бір жыл болған Assyltas қоғамдық қорының таныстырылым шарасы өтті.

Жиынға Мәскеу қаласынан арнайы келген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов, Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ақын Жүрсін Ерман, белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаев тб елімізге танымал азаматтар қатысты. Көпшілік алдында Assyltas қоғамдық қорының атқарып жатқан жұмыстары, алдағы жоспарлары туралы айтылып, қордың қолдауымен жарық көрген «Тарихқа толы Тарбағатай альманахының 4-ші томдығы, ақындар айтысы топтастырылған «Туған жерге туыңды тік» кітабының тұсаукесер рәсімдері өтті.

Артынша, Assyltas қорының ұйғарымымен олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов, ақын Жүрсін Ерман және ұлағатты ұстаз Орынша Карабалина Assyltas төсбелгісінің иегерлері атанды. Сондай-ақ, даңқты балуан Дәулет Болатұлы Тұрлыханов, айтыскер ақын Серік Қалиев пен танымал журналист Мақсат Толықбайға «Тарбағатай тарланы» медальдары берілді. Аталған азаматтардың барлығына Assyltas қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тұрсынұлы Тастекеев қор атынан сыйақы табыстады. Шара соңында Рүстем Қайыртайұлы жиналған қауымға арнау айтып, көпшілікке дастархан жайылды.